Газдың жоқтығы солтүстік және шығыс өңірлерден халықтың көшуіне себеп болып отыр – Ерлан Сайыр

Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Депутат Ерлан Сайырдың айтуынша, сайлау алдындағы кездесулер барысында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары «Әділет» партиясы өкілдеріне осы аумақтарды газдандыру мәселесін көтеруді бірнеше рет сұраған.
– Солтүстік және Шығыс өңірлерді газдандыру, атап өткеніміздей ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларда көзделген. Дегенмен, 2026 жылы практикалық конфигурация өзгере бастады: солтүстік бағыт бойынша Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен жабдықтауға бағдарланған «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы жасалуда. Бұл ретте Павлодар облысы, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша газбен жабдықтаудың нақтыланған дәрежедегі моделі ашық көздерге ұсынылмай отыр, – деді Ерлан Сайыр.
Депутат Павлодар облысы, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша газбен жабдықтаудың нақтыланған дәрежедегі моделі ашық көздерге ұсынылмай отырғанын атап өтті.
– Қазақстанның Солтүстік-Шығыс экономикалық макро-аймағында жалпы 3,5-млн адам тұрады, Еліміздің аграрлық саласы өнімінің 46-пайызын, өнеркәсіп өнімінің 21-пайызын өндіреді. Соған қарамастан 2025 жылы көшіп келушілер мен көшіп кетушілер арасында кері сальдо 27 мың адам болды. Оның басты себептерінің бірі аймақтардың газбен қамтылмауы, – деді ол.



