«Таза Қазақстан» акциясы: ШҚО-да 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Шығыс Қазақстан облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр.
– Рейдтер барысында және бейнебақылау камераларының көмегімен көшелерде, аулаларда және басқа да қоғамдық орындарда ірі көлемді заттар мен тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастау фактілері анықталуда. Акция басталғалы бері полицейлер 7 368 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның 6 171-і абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты болса, 1 197 факті қоғамдық орындарды ластауға байланысты тіркелген, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Сондай-ақ облыста рұқсат етілмеген қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары да жалғасып жатыр. Өңірде осындай 164 орын анықталып, оның 143-і жойылды. Әрбір анықталған құқық бұзушылық бойынша жауапты тұлғалар белгіленіп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.



