Жаңалықтар

Еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді

19 қыркүйектен бастап Сауда және интеграция министрлігі еліміздің барлық өңірінде «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерін өткізе бастайды. Жәрмеңкелер әр демалыс сайын ұйымдастырылады.

Алғашқы демалыс күндері, 19 және 20 қыркүйекте, еліміздің барлық өңірінде өтетін жәрмеңкелерде 2 000 тоннадан астам отандық ауыл шаруашылығы өнімі саудаға шығарылады.

Астана мен Алматы қалаларында жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері екі күн бойы өтеді. Қалған өңірлерде жәрмеңкелер сенбі күндері ұйымдастырылады.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жәрмеңкелерде көкөніс пен жеміс-жидек, ет және сүт өнімдері, дәнді дақылдар және басқа да маусымдық тауарлар фермерлер мен өндірушілерден тікелей делдалсыз сатылады.

Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге жәрмеңкелердегі сауда орындары тегін беріледі. Бұл фермерлерге өнімін тұтынушыға тікелей ұсынуға, ал тұрғындарға маусымдық тауарларды қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік береді.

– Енді жәрмеңкелер барлық өңірде бірыңғай тұжырымдама аясында ұйымдастырылады. Сауда арнайы жабдықталған сөрелер мен сауда орындарында жүргізіледі. Автокөліктерден, жүк көліктері мен тіркемелерден сауда жасауға жол берілмейді. Сауда орындары «Дала дәмі» жобасының бірыңғай стилінде безендіріледі, – делінген хабарламада.

«Дала дәмі» жәрмеңкесі аясында жәрмеңке алаңдарында маусымдық безендіру, ұлттық нақыштағы элементтер, өнімдердің дәмін тату, балаларға арналған ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button