Жаңалықтар

Өскеменде Алтай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр

Бүгін Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» облыстық жобасы аясында Алтай ауданының мәдени күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Арбатта Алтай ауданының мәдени күндері аясында қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, музыкалық, ойын-сауық және басқа да қызықты бағдарламалар ұйымдастырылған. 

Қала тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалап, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысуда. Іс-шараға жиналған жұрт Алтай ауданының өнері мен мәдениетінен сыр шертетін көрмелер мен түрлі бағдарламаларға қызығушылық танытуда.

– Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Алтай ауданының мәдени күндері басталды. Арбатта әр түрлі алаңдар ұйымдастырылған. Шеберлік сабақтар, концерттік бағдарлама өткізіліп жатыр, сондай-ақ арнайы фотоаймақ та қарастырылған. Кеше жоба аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесу өтті. Бүгін кешке облыстық филармонияда Алтай ауданының шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының қатысумен концерт өтеді. Сонымен қатар ертең «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады, – деді Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Айта кетейік, бүгін сағат 17:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Алтай: цифрлық болашақ аумағы» көрмесі өтеді. Көрмеде ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жетістіктері мен жаңа жобаларын, заманауи шешімдерін көре аласыздар.

Сағат 18:00-де филармонияның концерт залында Алтай ауданының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама ұсынылады.

19 қыркүйек сағат 08:00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдері, мол таңдау және барлық өнімді аудан өндірушілерінің өзінен тікелей сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button