Жаңалықтар

ШҚО-да 95 мемлекеттік қызметшінің еңбек құқығы қорғалды

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 95 мемлекеттік қызметшінің еңбек құқықтары қорғалып, оларға жалпы 190 сағат тынығу уақыты берілді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген мониторинг нәтижесінде жүзеге асырылды.

Аталған кезеңде Департамент мамандары 59 мемлекеттік органда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізді. Мемлекеттік қызметшілердің белгіленген жұмыс уақытынан тыс еңбекке тартылуы, демалыс күндері жұмысқа шығуы және еңбек тәртібінің сақталуына назар аударылды.

– Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын сақтау – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері енгізілуде. Бұл жүйелер қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кету уақытын объективті түрде тіркеуге, жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылауға және артық жұмыс істеу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Бақылау жүйелері орнатылып, оларды интеграциялау жұмыстары толық аяқталған мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс істеу, жұмысқа кешігу және демалыс күндері жұмысқа шығу фактілерінің төмендеу үрдісі байқалады.

Мониторинг барысында анықталған жағдайлар бойынша мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданды. Нәтижесінде 95 қызметшіге қосымша 190 сағат тынығу уақыты берілді.

Мамандардың айтуынша, жұмыс уақытын сақтау тек еңбек тәртібін қамтамасыз етумен шектелмейді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тиімділігіне, еңбек өнімділігіне және мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей әсер етеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button