«Оқуға түсіремін» деп Өскемен тұрғынын 3 млн теңгеге алдаған алаяқ ұсталды
Өскемен қаласының тұрғыны медициналық университетке оқуға түсемін деп 3 млн теңгеге алаяққа алданып қалған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Алаяқ қала тұрғынына қажетті құжаттарды рәсімдеп, жоғары оқу орнына қабылдануына көмектесуге уәде берген.
Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, күдікті жәбірленушіге өзін жалған есіммен таныстырып, оқуға түсуге көмектесе алатынына сендірген. Оның сөзіне сенген жас жігіт қажетті құжаттары мен 3 миллион теңге көлемінде ақша берген.
– Уәде етілген көмек көрсетілмеген. Құжаттар университетке тапсырылмаған, оқуға қабылдау жүзеге аспаған. Ал күдікті алған ақшасын жәбірленушіге қайтармаған, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаменті.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді.
Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды.



