«Алтай Өскемен» сырт алаңда «Ұлытау» қақпасына 3 гол соқты
Қазақстан чемпионатының кезекті турында «Алтай Өскемен» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытау» командасымен кездесті. Матч қорытындысында шығысқазақстандық команда 3:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ойынның алғашқы таймы голсыз аяқталғанымен, екінші таймда «Алтай Өскемен» футболшылары қарсылас қақпасынан саңылау таба білді. 58-минутта Дарко Додев есеп ашты. Араға 14 минут салып, Сейф Попов есепті 2:0-ге жеткізді.
Ойынның 88-минутында Сейф Попов тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды. Қорытынды есеп – 0:3.
Осы жеңістің нәтижесінде «Алтай Өскемен» өз қоржынына маңызды үш ұпай қосып, турнирлік кестеде 11-орынға көтерілді.
Енді шығысқазақстандық команда келесі ойынды 18 қыркүйекте өз алаңында павлодарлық «Ертіс» футбол клубына қарсы өткізеді.



