Жаңалықтар

Ұлан ауданында «Nomad Alemi» фестивалі өтті

Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде «Nomad Alemi» заманауи көшпенділер фестивалі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Ақмола облысының Макинск қаласында бастау алған «Nomad Alemi» фестивалі Қасым Қайсенов кентінде жалғасты.

Орталық стадионда өткен ауқымды іс-шараға аудан тұрғындары мен еліміздің түрлі өңірлерінен келген қонақтар қатысты.

Фестивальдің ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі.

– Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! Ұлан ауданында мәні мен маңызы ерекше іс-шарада бас қосып отырмыз. Сіздерді «Aitas» холдингінің 30 жылдығына, Өскемен құс фабрикасының 50 жылдығына арналған «Nomad Alemi» фестивалінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды саяси, қоғамдық және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі өзгерістер бірінші кезекте еліміздің экономикасын өсіруге, тұрғындарымыздың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. Осындай кезеңде әсіресе мемлекет пен отандық кәсіпорындар арасындағы нәтижелі серіктестіктің маңызы өте зор, – деді аймақ басшысы.

Фестиваль аумағы білім, болашақ, дастархан, өнер, ойын, рух және шаңырақ атты жеті тақырыптық кеңістікті қамтыды. Әр кеңістікте арт-шеберхана, перфоманс «Қазақтар динозаврларды қолға үйреткен кезде», суретші Дәурен Тасбулатовтың көрмесі, «Марал» арт-нысаны,  этнограф Айгерім Мұсағажинованың «Көшпенділердің ұмыт қалған тағамдары» дәрісі мен шеберлік сабағы, «Дастархан-көрісу» перформансы, арқан тарту, асық ату, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған қойылымдар және тағы да басқа түрлі қызықты бағдарламалар ұсынылды.

Басты сахнада «Арқайым» тобы, Arshat, Yenlik, «Urker», «Алатау серлері», «Steppe sons», «Tengri» тобы, Зарина Жиентаева, DJ Edige, Жанель, Dudeontheguitar және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.

Биыл алғаш рет бастау алған бұл іс-шара «Aitas» холдингінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

«Aitas» холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев «Nomad Alemi» заманауи көшпенділер фестивалін алдағы уақытта да өткізу жоспары бар екенін атап өтті.

– «Nomad Alemi» фестивалін жыл сайын өткізейік деген жоспарымыз бар. Ұлан ауданының қазақы болмысқа тән өзіндік ерекшеліктері бар. Біз соны негізгі стратегиямыздың бірі ретінде айқындаған болатынбыз. Білесіздер, «Шығыс Салбурыны» фестивалі де осында өтеді, «Nomad Alemi» фестивалі ол да осы жерде өткізіліп жатыр. Қазақ рухын көтеретін мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртып, оны болашақта қалай дамыта алатынымызды «Nomad Alemi» фестивалі аясында бірге түсініп, бірге жүзеге асырайық, – дейді Серік Толықпаев.

Айта кетейік, «Nomad Alemi» фестивалі 19 қыркүйекте Алматы маңындағы «Біздің Ауыл» алаңында жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button