ШҚО-да екі мыңнан астам мал иесі жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жаюдың алдын алуға, сондай-ақ елді мекендер мен жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, өңірде қараусыз жүрген малды уақытша ұстауға арналған 97 қамақ жұмыс істейді.
Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері қараусыз жүрген жануарларды анықтап, олардың иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Есепті кезеңде ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 2 мыңнан астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Малдың қараусыз жайылуы үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру және чиптеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Бұл олардың иесін анықтауға және малды ұстауға жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.



