Жаңалықтар

Алтай ауданында слесарь мен ауыл әкімі суға батып бара жатқан әйелді құтқарды

26 шілдеде «Казцинктің» Малеев кенішінде жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу слесарі Александр Островский мен оның досы, Прибрежный ауылының әкімі Владимир Молотков  Бұқтырма су қоймасында қайықпен балық аулап жүргенде суға батып бара жатқан әйелді байқаған, деп хабарлайды  Bizdiң Өskemen.

– Бейтаныс әйел су бетінде шалқасынан жатты, – деп еске алады Александр Островский.

Әйелге көмектесу үшін Александр суға секірген. Оны жағаға алып шыққан кезде әйелдің жағдайы өте ауыр болған.

– Біз бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуді бастадық. Жүрекке жанама массаж жасадық, ара-тұра оны қырына аударып, ауыз қуысын тазалап, жасанды тыныс алдырдық,– дейді Александр.

Біртіндеп әйел есін жиды. Осыдан кейін олар оны оқиға орнына келген медицина қызметкерлеріне тапсырған.

Кейін әйелдің су астында шамамен үш минут болғаны анықталды.

Александр Островский алғашқы көмек көрсету дағдыларын «Казцинкте» оқыту кезінде меңгерген. Қиын сәтте осы білім Александрға жедел әрекет етуге көмектескен.

Александр өз әрекетін ерлік деп санамайды. Оның айтуынша, Владимир екеуі әйелді құтқару үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасаған.

– Әріптесімнің ауылда саяжайы бар. Жақында ол осы әйелді кездестіріп, екеуіміздің бірге жұмыс істейтінімізді түсіндірген. Ол маған алғысын жеткізді, – деді Александр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button