Жаңалықтар

40 млн теңгеге жуық ақша талап етті деген күдікпен жеті адам ұсталды

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігі ауыр қылмыстардың алдын алуға, қылмыстық топтардың әрекетінің жолын кесуге және қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге жол бермеуге бағытталған бірқатар жүйелі жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қыркүйек айында Астана, Өскемен қалаларында және Алматы облысында 40 млн теңге көлемінде ақша талап етті деген күдікпен жеті адам ұсталды. Олардың үшеуі бұрын сотталған, оның ішінде адам өлтіргені үшін сотталғандар да бар. Тінту барысында күдіктілерден атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік табылып, тәркіленді.

Құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау және жолын кесуге бағытталған осындай іс-шаралар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында жүргізілді.

– Жалпы аталған фактілер бойынша 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Заңсыз айналымнан 10-нан астам атыс және травматикалық қару, сондай-ақ оларға тиесілі оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында жәбірленушілердің 77 млн теңгеден астам қаражатын иемденуге жол берілмеді. Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Заңсыз әрекеттерге қатысы бар басқа да адамдарды анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануда. Ішкі істер министрлігі азаматтар мен қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін қылмыстардың алдын алу және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Қылмыстық топтарды дер кезінде анықтауға, олардың әрекетінің жолын кесуге және жаңа құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінуде. «Заң мен Тәртіп» қағидаты кінәлілерді жауапкершілікке тартуды ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алуды жүйелі түрде жүзеге асыруды, азаматтарды қорғауды және қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді. Ішкі істер органдарының осы бағыттағы жұмысы тұрақты негізде жалғаса береді, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button