Жаңалықтар

ШҚО-да жеті айда агроөнеркәсіптік кешенге 26 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды

Биыл жеті айда Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешеніне 25,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 81%-ға көп. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Инвестицияның жалпы көлемінің 23,7 млрд теңгесі ауыл шаруашылығына, тағы 2,1 млрд теңгесі тамақ өнімдерін өндіруге бағытталды.

Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне 118 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Осы мақсатта облыста мемлекеттік қолдаудың бірқатар тетігі жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде жеңілдетілген несие беру, техника мен жабдықтарды лизингке алу, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл аманаты» бағдарламалары бар.

Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі арқылы аймақтың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 15,5 млрд теңгеге 458 техника мен жабдықты лизингке алды. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 6,6%-ға жоғары.

ШҚО-да ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары да жалғасып келеді. Атап айтқанда, Үлкен Нарын, Тарбағатай, Күршім, Зайсан аудандары мен Өскемен қаласында жеңілдетілген қаржыландыру есебінен бірқатар жоба іске асырылуда.

Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға «Ауыл аманаты» бағдарламасы да серпін беріп отыр. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, техника мен жабдықтар сатып алу бағыттары бойынша жалпы сомасы 492,7 млн теңгені құрайтын 36 жоба қаржыландырылды.

Мал шаруашылығына да ерекше көңіл бөлінуде. «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несие беру бағдарламалары аясында өңірге 6,7 млрд теңге қарастырылған. Шемонаиха, Ұлан, Катонқарағай аудандары мен Алтай ауданында асыл тұқымды ірі қара мал мен маралдың импорттық аналық мал басын сатып алу жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жоспарланған жобалардың іске асырылуын қамтамасыз ету міндетін қойды.

«Әр аудан бойынша нақты жағдайды білу, инвестициялық жобаларды тұрақты бақылауда ұстау және нақты салынған инвестиция көлемін уақтылы көрсету маңызды. Басты міндет – инвестиция тартумен ғана шектелмей, жаңа өндірістерді іске қосу, қайта өңдеу саласын дамыту және жұмыс орындарын құру», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

ШҚО қалалары мен аудандарының әкімдері ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі салаларындағы қолданыстағы және жоспарланған инвестициялық жобаларға түгендеу жүргізуі қажет. Сондай-ақ жобалардың іске асырылуы мен тартылған қаражатқа ай сайынғы мониторинг жүргізу жұмыстары күшейтіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button