Өскеменде 20 жастағы жігіттен бір келіден астам есірткі тәркіленді
Өскеменде аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды таратты деген күдікпен басқа қаладан келген 20 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіт әлеуметтік желілерден «жұмыс» туралы хабарландыру тауып, ұсынысқа келіскен. Осылайша ол есірткі заттарын ораумен айналысқан: куратордың нұсқауы бойынша тыйым салынған заттардың ірі партияларын алып, оларды өлшеп, орап, жасырын орындарға қалдыруға дайындаған. Маусым айында ер адам Өскеменге келіп, қылмыстық әрекетін осы жерде жалғастырған. Еңбекақысын криптовалюта түрінде алып отырған.
Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Оның сөмкесінен қоңыр түсті зат салынған екі орама табылды. Сонымен қатар пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері тағы бірнеше орама зат, зип-пакеттер, изолента және электронды таразы тәркіледі.
– Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 510 грамнан асатын а-РѴР және мефедрон, сондай-ақ салмағы 520 грамнан асатын гашиш анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы бір келіден астам есірткі және психотроптық зат тәркіленді, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.



