«38. Соңғы нүкте» фильмі көрерменге жол тартты
3 қыркүйектен бастап «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, көркем фильм оқиғасы орманшылардың өмірі төңірегінде өрбиді. Кейіпкерлердің тағдырын арқау ете отыра, картина адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық, отбасы, кәсіби борыш және табиғатқа жанашырлықпен қарау тақырыптарын қозғайды. Сонымен қатар туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына арналған.
Фильмнің режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сақатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сәбитов сомдады.
Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.



