Ермак Сәлімов ШҚО әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ермак Сәлімовті штаттан тыс кеңесші қызметіне тағайындағанын мәлімдеді. Бұл туралы аймақ басшысы Глубокое ауданының тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.
Жаңа кеңесшіге бұл аудан жақсы таныс. Әр жылдары Ермак Сәлімов Глубокое ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ оның кәсіби қызметінің едәуір бөлігі Шығыс Қазақстанның тау-кен өнеркәсібімен байланысты.
1990 жылдары ол Ертіс полиметалл комбинатының Ертіс кенішінде қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас инженердің орынбасары және №3 жерасты тау-кен учаскесінің бастығы қызметтерін атқарған.
Оның жаңа қызметіндегі негізгі бағыттарының бірі – тау-кен саласы, оның ішінде Ертіс кенішін қайта жандандыру жобаларын сүйемелдеу болмақ.



