Жаңалықтар

ШҚО-да шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,2%-ға азайды

Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бір жыл ішінде 9,2%-ға қысқарған. 1 шілдедегі жағдай бойынша өңірде шамамен 57 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8 мыңға аз.  Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысында айтылды. Аталған мәліметтер ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының баяндамасында келтірілген.

Негізгі төмендеу жеке кәсіпкерлер санына тиесілі. Олардың саны 5 009-ға қысқарған. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының саны тағы 1 026-ға азайған.

Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 85 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 14,6 млрд теңге шағын және орта бизнесті қаржыландыру бағдарламаларына, 400 млн теңге микробизнесті дамытуға, 57,7 млрд теңге ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығына, тағы 12,4 млрд теңге көлік саласына бағытталады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 245 жобаны жүзеге асыруға 4,5 млрд теңге қарастырылған. Жыл басынан бері жалпы сомасы 2,7 млрд теңгені құрайтын 167 жоба мақұлданған.

Өңірлік «Ақ-Ниет» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 94 жобаға 578 млн теңге көлемінде несие берілген.

Ал «Өрлеу» бағдарламасы аясында 145 жоба жалпы сомасы 6,2 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button