Жаңалықтар

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

Президент Жарлығына сәйкес Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін әскерден кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 000-ға жуық ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың ішінде 12 000-нан астам адам – Қарулы күштер, 7 000 – Ұлттық ұлан, 3 000 – ҰҚК Шекара қызметі, 400-ден астам адам – Төтенше жағдайлар министрлігі, 300-ге жуығы – Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтыратын болады.

«Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасының арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматта көрсетіледі. Тұрғылықты жері ауысқан кезде азаматтарды әскери есепке қою, 17 жастағы бозбалаларды тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру мен босатуды ұсыну қызметтері автоматтандырылды. Әскери есепке қатысты барлық мәліметтер азаматтарға eGov порталындағы жеке кабинетінде қолжетімді.

Қорғаныс ведомствосы мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Оның барысында әскери қызметшілер әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және тағы басқалары бар.

Бұдан бөлек, сарбаздар үшін әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button