Өскемендегі Ана мен бала орталығына заманауи нейрохирургиялық жабдық орнатылады

Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына Remebot RM-200 роботтандырылған нейрохирургиялық жүйесімен жабықталады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Өскемендегі Ана мен бала орталығына жоғары дәлдіктегі операцияларды жүргізуге арналған жасанды интеллекті бар Remebot RM-200 роботтандырылған жүйенің сертификатын табыстады.
– Ана мен бала орталығына заманауи роботтандырылған жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған Remebot RM-200 жүйесін табыстаймыз. Жабдықтың құны 433 миллион теңгені құрайды. Жаңа жабдықпен жергілікті дәрігерлер эпилепсияны емдейтін болады. Бұл бағыт бойынша біз жүйелі түрде жұмыс жалғастыратын боламыз, – деді Нұрлан Жақыпов.
Remebot RM-200 – жасанды интеллектінің интеграцияланған технологиялары бар нейрохирургиялық навигация және стереотаксикалық хирургияның заманауи жүйесі. Жүйе операцияны алдын ала жоспарлауға, науқас миының үш өлшемді моделін жасауға және хирургиялық араласудың ең қауіпсіз траекториясын анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл жүйенің көмегімен стерео-ЭЭГ жүргізу, эпилепсиялық белсенділік ошақтарын анықтау үшін терең электродтарды орнату, стереотаксикалық араласулар жасау және мидың терең қабаттарында орналасқан ісіктерге аз инвазивті биопсия жүргізу жоспарланып отыр.
Жабдық «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызметі аясында «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы сатып алынады.
– Біздің өңір үшін балалар нейрохирургиясын дамыту ерекше маңызды. Бүгінде орталық мамандары үш облыстың балаларын қабылдап, күрделі оталар жасап, емдеудің заманауи әдістерін енгізіп келеді. Жаңа жабдық бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, бұрын аймақта қолжетімсіз болған технологияларды енгізуге жол ашады. Біздің міндетіміз – медициналық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту, медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету және дәрігерлердің кәсіби өсуіне жағдай жасау. Шығыс Қазақстанның ғана емес, Абай және Павлодар облыстарының балалары да қажетті жоғары технологиялық медициналық көмекті осы жерде, Өскемен қаласында ала алады деп сенеміз, – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Замануи жабдықты Ана мен бала орталығына 10 қыркүйекке дейін жеткізу жоспарланған.



