Өскеменде 260 балаға арналған жаңа балабақша пайдалануға берілді
Өскеменде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қатары тағы бір балабақшамен толықты. Қаладағы «Family Island-3» балабақшасының салтанатты ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Нұрлы жол көшесі, 59 мекенжайында орналасқан жаңа балабақшаның аумағы 1500 шаршы метрден асады. Мұнда 260 балаға арналған 11 топ жұмыс істейді.
Балабақшада балалардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған. Нысанда спорт және музыка залдары, медициналық кабинет бар. Балалардың тәрбиесі мен біліміне 26 педагог жауап береді. Жалпы мұнда 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылады.
Аймақ басшысы жаңа балабақшалардың ашылуы қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
– Баршаңызды Қала күнімен тұспа-тұс келіп отырған «Family Island» желісінің үшінші балабақшасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы, Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет», – деп, алдымызға нақты міндет қойған болатын. Бұл ретте жаңа балабақшалардың, соның ішінде жеке бастамалар арқылы ашылатын мектепке дейінгі ұйымдардың маңызы ерекше, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 33 мыңнан астам бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Өңірде 380 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, оның 101-і Өскемен қаласында орналасқан.



