ШҚО-да «AK Metal» ЖШС басшысы заңсыз кен өндіргені үшін сотталды

Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы Д.К. Бектемиров 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, серіктестікке берілген лицензия қатты пайдалы қазбаларды тек барлауға рұқсат берген. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеулерді сылтау етіп, кәсіпорын темір кенін және темір кені концентратын өнеркәсіптік көлемде өндіріп, Қазақстанда және шетелде сатқан.
Заңсыз кен өндіру салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, табиғи жер бедері мен ландшафт өзгерген. Сондай-ақ тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған.
Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқан.
Сотталған азамат бұл қаражатқа Land Rover автокөлігін, бес бөлмелі пәтерді, үш коммерциялық үй-жайды, екі автотұрақ орнын және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер телімін сатып алған.
Сот құны 1 млрд теңгеден асатын мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.



