Өскеменде әскери техникалардың ретро-музейі ашылады
29 тамызда Өскеменде әскери техникалар ретро-музейінің ашылуы өтеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музейінің солжағалау кешені (Сәтбаев даңғылы, 92) аумағында сағат 11:00-де басталады деп жоспарланған.
– Жаңа музей нысанының басты ерекшелігі – 1940 жылдардағы әскери және көлік техникасының 28 бірлігінен тұратын бірегей экспозиция. Экспозиция қатарында зениттік және танкіге қарсы зеңбіректер, Т-60 танкі, «Катюша» реактив қондырғысы, ГАЗ-АА жүк көлігі, ЗиС-8 автобусы және ГАЗ М-1 автокөлігі бар. Экспозициядан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында одақтастардың КСРО-ға ленд-лиз бағдарламасы аясында жеткізген әскери техникасы да айрықша орын алады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысы жылдарында кеңінен пайдаланылған америкалық аты аңызға айналған Studebaker автокөліктері мен Diamond T 980 жүк тартқышы бар, – деп хабарлады ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы.
Сонымен қатар іс-шара барысында экспозицияның таныстырылымы, модельдеу бойынша шеберлік сағаттары, фотозоналар және басқа да қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады.
Кіру тегін.



