Жаңалықтар

Қасым Қайсенов кентінде су құбыры желілері жаңартылып жатыр

Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде су құбыры желілерін қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Нысанның құрылысы 2024 жылғы қараша айында басталды.

Жобаның негізгі мақсаты – кент тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыру.

Жоба аясында «Өскемен Водоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Ново-Усть-Каменогорск су жинау орнынан магистральдық су құбырын тарту көзделген. Қазіргі уақытта 13 шақырымға жуық магистральдық және 7 шақырымға жуық кентішілік су құбыры желілері төселді.

Сонымен қатар су жинау құрылыстары салынуда. Бүгінде жалпы сыйымдылығы 1900 куб метр болатын екі таза су резервуарының құрылысы аяқталды. Екінші көтерілімдегі сорғы станциясының құрылысы жалғасып жатыр.

Құрылыс жұмыстарына 12 бірлік арнайы техника және 30 маман жұмылдырылған.

Жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы орындауға ерекше назар аударылуда. Сонымен бірге құрылыс барысында бұзылған аумақтарды сапалы қалпына келтіру және абаттандыру мәселелері де бақылауда.

Жобаны қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда.

Жобаның іске асырылуы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындарын сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button