ШҚО-да кеншілерді апат кезінде қорғайтын арнайы капсула әзірленіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында кеншілер мен қауіпті металлургиялық өндіріс орындарында жұмыс істейтін мамандарды төтенше жағдай кезінде қорғауға арналған апаттық капсула жасалып жатыр.
Жоба туралы «Жетінші арна» хабарлады. Қазақстандық инженерлер әзірлеп жатқан капсулаға 20-дан астам адам сыяды деп жоспарланған. Болат конструкциялар мен заманауи электронды жүйелерден тұратын құрылғы шахта опырылған немесе өзге де апат болған жағдайда жұмысшыларды үйінділер мен сынықтардан қорғауға арналған.
Капсуланың ішінде оттегі қоры, қажетті медициналық препараттар және 36 сағат бойы адамдардың автономды өмір сүруін қамтамасыз ететін жүйелер қарастырылған.
Қазір мамандар құрылғының тәжірибелік үлгілерін әзірлеп жатыр. Жоба авторлары мұндай технологияны болашақта тау-кен және металлургия кәсіпорындарына кеңінен енгізуге мүмкіндік бар екенін айтады. Дегенмен оның өндірісте қолданылуы компаниялардың қызығушылығы мен қолдауына байланысты.
Жоба әзірлеушісі Болат Сыптаевтың айтуынша, бір капсула үлкен шахта үшін жеткіліксіз болуы мүмкін.
«Бір ауысымда шахтаға 600-ден астам адам түседі. Сондықтан бір капсула жеткіліксіз. Апаттық құтқару капсулалары шахтаның бірнеше нүктесінде орналасуы керек. Бұл ғимараттардағы өрт сөндіргіштер сияқты қауіпсіздік құралдарының бірі болуы тиіс», – деді ол.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның тау-кен өндіру секторында 2,5 мыңнан астам жазатайым оқиға тіркелген. Жаңа жоба өндірістегі қауіпсіздікті арттырып, төтенше жағдайда жұмысшылардың аман қалу мүмкіндігін жоғарылатуға бағытталған.



