Өскеменде жанжал кезінде адамды ұрған азамат 300 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 20 қарашада түнгі уақытта болған. Көлікте отырған азаматтар арасында жанжал туындап, сөзге келіспеушілік барысында Сергей есімді азамат жәбірленушіге бірнеше рет соққы жасаған. Кейін жанжал көлік сыртында жалғасып, жәбірленушінің басы мен бет тұсына да соққылар жасалған.
Сот-медициналық сараптама нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы дене жарақаттары келтірілгені анықталды.
Сот отырысында сотталған азамат өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінген. Іс процестік келісім тәртібімен қаралды.
Сот үкімімен Сергей Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 300 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы қорына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 39 320 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді. Сондай-ақ мемлекет кірісіне 841 теңге көлемінде сот шығындарын өтеу міндеттелді.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті Сол жағалау ауданының аға инспекторы, әділет подполковнигі Әсел Шабалованың айтуынша, бұл іс кез келген жанжалды күш қолдану арқылы шешудің соңы заң алдындағы жауапкершілікке әкелетінін көрсетеді.
«Қандай да бір жанжал туындаған жағдайда мәселені күш қолдану арқылы шешуге болмайды. Бір сәттік ашу адамның денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, оның өзіне де заң алдында жауапкершілік жүктейді. Сондықтан кез келген даулы жағдайды сабырмен шешіп, құқықтық тәртіпті сақтаған жөн», – дейді Әсел Шабалова.
Қоғамдық жұмыстар жазасы сотталған адамның қоғамнан оқшауланбай, өз міндеттерін орындау арқылы жауапкершілігін сезінуіне мүмкіндік береді. Пробация қызметі азаматтың заң талаптарын сақтауын бақылап қана қоймай, оның қайта құқық бұзушылыққа бармауына ықпал етеді.
Заң мамандары азаматтарды даулы жағдайларда сабыр сақтап, мәселені бейбіт әрі заңды жолмен шешуге шақырады.



