Амнистия: ШҚО-да 47 азаматтың жазасы жеңілдетіледі

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау ауданы бөлімі амнистия талаптарын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қолданыстағы амнистияға сәйкес, бөлімнің пробация есебінде 147 азамат тұр. Олардың 47-сіне қатысты амнистия бойынша жеңілдік қарастырылған.
Оның ішінде 4 азамат жазадан толық босатылуы мүмкін. Ал қалған азаматтардың жазасы заңда белгіленген тәртіпке сәйкес үштен бір және төрттен бір бөлікке қысқартылады.
Бөлім басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, амнистияның негізгі мақсаты – жазаны жеңілдетумен қатар, азаматтарға қоғамға қайта бейімделуге және қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беру.
«Амнистия – мемлекет тарапынан көрсетілген сенім мен мүмкіндік. Бұл мүмкіндікті әр азамат дұрыс пайдаланып, заң талаптарын сақтауға және қоғамға бейімделуге ұмтылуы қажет», – деді ол.
Қазір амнистия талаптарының орындалуы әр азаматтың жеке ісі мен заңда белгіленген тәртіп негізінде қарастырылып жатыр. Пробация қызметінің мамандары есепте тұрған азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуіне бағытталған профилактикалық шараларды күшейткен.
Бөлім қызметкерлерінің айтуынша, берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану азаматтардың қоғамға қайта бейімделіп, заң талаптарын сақтап өмір сүруіне жол ашады.



