«Құқықтық тәртіп»: Өскеменде пробация есебіндегі 147 азамат бақылауға алынды

Өскеменде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шара аясында Ертіс полиция бөлімі мен ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметінің мамандары қызметтік развод өткізіп, кейін профилактикалық жұмыстарға кірісті.
Қазіргі таңда Сол жағалау аудандық пробация қызметінің есебінде 147 азамат тұр. Олардың әрқайсысымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, белгіленген міндеттерді орындауы мен қоғамдық тәртіпті сақтауы бақылауда.
“Мұндағы басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алып, есепте тұрған азаматтардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет», – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті Сол жағалау ауданы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Мұхтарбекқызы.
Ал Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімінің аға лейтенанты Каим Ожиканов:
«Пробация есебіндегі азаматтармен тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Олардың әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамтылуы және белгіленген міндеттерді орындауы назарда», – деп атап өтті.
Құқықтық тәртіпті сақтау – қоғам қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Заңды құрметтеу және жауапкершілікпен әрекет ету – әр азаматтың міндеті.



