Өскеменде «SOS» дабыл тетігі алаяқтық қылмыстың ашылуына көмектесті
Өскеменде қоғамдық орындарда орнатылған «ЅОЅ» дабыл тетігі арқылы дер кезінде көмек сұраған азаматтың әрекетінің арқасында полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдіктіні жедел түрде анықтады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Назарбаев даңғылы бойындағы үйлердің бірінің маңында белгісіз ер адам шұғыл қоңырау шалу қажеттігін айтып, 32 жастағы қала тұрғынының ұялы телефонын сұрап алған.
Құрылғыны қолына алған қаскөй оқиға орнынан бой тасалап, жәбірленушіге материалдық шығын келтірген.
– Ұялы телефонынан айырылған азамат жақын маңдағы «ЅОЅ» дабыл тетігін пайдаланған. Дабыл сигналы облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына түскен. Оператор өтініш берушімен байланысқа шығып, оқиғаның мән-жайын нақтылап, патрульдік полиция нарядтарына жедел түрде бағдар берген. Жедел іздестіру іс-шараларын үйлесімді жүргізу нәтижесінде тәртіп сақшылары тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол Өскемен қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



