Күршімде «Жасыл ел» жасақтары іске кірісті
Күршім ауданында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XXI маусымы ашылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Іс-шараға республикалық және облыстық штаб басшылары, аудандық Жастар орталығының өкілдері мен еріктілер қатысты.
«Биыл еліміз бойынша 30 мыңға жуық жас маусымдық жұмыспен қамтылады. Жобаға қатысушылар саны жыл сайын артып келе жатқаны қуантады», – деді республикалық штаб басшысы Нұрасыл Бекматов.
Биыл «Жасыл ел» жобасының сәтті жүзеге асып келе жатқанына жиырма жыл болды. Осыған орай республика көлемінде түрлі экологиялық шаралар мен апталықтар өткізіледі.
– «Жасыл ел» штабы жазғы маусымда 14-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастар мен студенттерді еңбекпен қамтып келеді. Биыл Шығыс Қазақстан облысында мыңға жуық жас көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартылып, 120 мың теңге көлемінде жалақы алады», – деді облыстық филиал директоры Мақсат Кәрібаев.
Іс-шара соңында қатысушылар орталық саябақта ағаш көшеттерін отырғызып, үлкен көпір маңында тазалық жұмыстарын жүргізді.



