БастыЖаңалықтар

ШҚО-да көкжөтелге шалдыққандар саны екі есеге артты

Шығыста жыл басынан бері көкжөтелдің 32 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте салалық департамент басшысының орынбасары мәлімдеді.

Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе артып отыр. Көкжөтелге шалдыққандардың барлығы — 14 жасқа дейінгі балалар.

– 29 шілдедегі жағдай бойынша облыста көкжөтелдің 32 жағдайы зертханалық түрде расталды. Оның 28-і Өскеменде, 4-і Ұлан ауданында. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – бір жасқа дейінгі 14 сәби, 1 мен 5 жас аралығындағы 17 бала және 5 пен 9 жас аралығындағы бір бала, – деді Сәуле Слямғазина.

Мамандарды алаңдатып отырған негізгі мәселе – науқас балалардың басым бөлігінің екпе алмауы. Тіркелген 32 жағдайдың 30-ы вакцинациядан өтпеген балалар арасында анықталған. Оның ішінде 17 бала ата-анасының екпеден бас тартуына байланысты вакцина алмаған. 12 балада медициналық қарсы көрсетілім болған. Ал бір сәби екпе салынатын жасқа әлі жетпеген.

Көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын өте жұқпалы бактериялық инфекция. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе, бұл ауру нәрестелер мен балалар үшін қауіпті.

Мамандар көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцина алу екенін еске салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button