БастыЖаңалықтар

Балабақшаға ваучер 4 тамыздан бастап беріледі — Өскемен

4 тамыздан бастап жеке кабинеттерде мектепке дейінгі ұйымдарға ваучер беру басталады. Бұл туралы Өскемен қаласының білім бөлімі хабарлады.

Қызмет алушылардың жеке кабинеттеріне келіп түсетін хабарламалар мен SMS-хабарламаларды тұрақты түрде бақылап отыру қажет. Ата-аналар (заңды өкілдер) balabaqsha.snation.kz порталы арқылы мектепке дейінгі ұйымға ваучер ала алады.

Ваучер берілген сәттен бастап оны растауға немесе одан бас тартуға 2 жұмыс күні беріледі. Ваучер расталған жағдайда оның жарамдылық мерзімі – 5 жұмыс күні.

Осы мерзім ішінде баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау рәсімін толық аяқтау қажет, яғни ата-ана (заңды өкіл) мен мектепке дейінгі ұйым арасында электрондық шартқа қол қойылуы тиіс.

Қажет болған жағдайда ваучердің 5-ші жұмыс күні жеке кабинетте оның қолданылу мерзімін қосымша 2 жұмыс күніне ұзарту мүмкіндігі беріледі.

Мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін қажетті құжаттар:

  • ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба);
  • баланың туу туралы куәлігі;
  • ата-аналардың (заңды өкілдердің) бірінің жеке куәлігі;
  • № 027/у нысанындағы медициналық анықтама;
  • № 052-2/у нысанындағы «Бала денсаулығы паспорты»;
  • № 065/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы.

— Егер ваучерді беру немесе растау кезінде таңдалған мектепке дейінгі ұйымда бос орын болмаса, қызмет алушы бос орындары бар басқа мектепке дейінгі ұйымды таңдап, электрондық шарт жасасады және ақпараттық жүйеде қалыптастырылған өтініш негізінде қалаған мектепке дейінгі ұйымның күту парағына тұра алады. Контингентке енгізілген ваучер иегері қолданыстағы ваучері негізінде мектепке дейінгі ұйымның күту парағына өтініш бере алады, — деп хабарлайды қалалық білім бөлімі.

Мектепке дейінгі ұйымда бос орын пайда болған жағдайда ақпараттық жүйе күту парағындағы бірінші кезекте тұрған қызмет алушыға проактивті түрде хабарлама жібереді.

Егер қызмет алушы 1 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе, ол күту парағынан шығарылады, ал хабарлама кезекте тұрған келесі қызмет алушыға автоматты түрде жіберіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button