Сақтағанов қарамағындағы әкімдерді сынға алды

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі демалыс орындарының санитарлық жағдайын көрсетіп, тиісті әкімдерді сынға алды.
Кезекті әкімдіктің отырысында облыс басшысы Өскемен қаласы, Ұлан, Үлкен Нарын, Самар және Күршім аудандарындағы халық көп шомылатын орындарда қоқыстың шашылып жатқаны мен қоғамдық әжетханалардың жағдайы көңіл көншітпейтінін атап өтті.
– Тазалық жұмыстары тек мереке күндері ғана жүргізілетін науқандық іс болмауы керек. Оған есеп үшін атқарылатын жұмыс ретінде қарамай, әрбір әкім өзінің тікелей міндеті деп қабылдауы тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімінің айтуынша, демалыс аймақтарында қоқыс жәшіктерінің саны жеткілікті болуы қажет. Сонымен қатар, тұрғындар мен туристер жиі баратын жағажайлар заңдастырылып, олардың қауіпсіз әрі қолайлы демалуына барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс.
Өңір басшысы жауапты әкімдіктерге туристік орындардың тазалығы мен инфрақұрылымын тұрақты бақылауда ұстап, санитарлық жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.



