Жаңалықтар

Қазақстан автожолдарында «ақылды» камералар сынақтан өтіп жатыр

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде жүргізушілер автожолдар бойындағы ерекше құрылғылардың суреттерін бөлісіп, түрлі сұрақтар қоя бастады. Бұл – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол саласын цифрландыру аясында енгізіп жатқан жасанды интеллект элементтері бар жаңа бейнеаналитика жүйесі, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.  

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жүйенің басты ерекшелігі – автономды жұмыс істеуі. Яғни құрылғылар әдеттегі инфрақұрылым жоқ шалғай жол учаскелерінде де қызмет ете алады. Ол үшін камералар күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталады. Құрылғылар күн мен желден қуат алып, жолдағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, деректерді тиісті қызметтерге жеткізеді.

Жасанды интеллект жолдағы ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, жүйе жүру бөлігінде жаяу жүргіншінің немесе жануардың пайда болуын, қарсы бағытқа шығуды, артқа жүруді, тұрақ ережесін бұзуды тіркей алады. Сонымен қатар көліктің мемлекеттік нөмірін, маркасын және түсін тану мүмкіндігі бар.

Жобаның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру. Қауіпті жағдай неғұрлым ерте анықталса, жол қызметтері де соғұрлым тез ақпарат алып, тиісті шара қабылдай алады.

– Пилоттық жоба қазірдің өзінде «Алматы – Қонаев» ақылы учаскесінде сынақтан өтіп жатыр. Мұнда жабдықтардың және автономды инфрақұрылымның жұмысы тексерілуде. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырым болатын «Астана – Теміртау» учаскесінде де жұмыстар жүргізілуде. Аталған бағытта тіректер орнатылып, камералар, күн панельдері, жел генераторлары және дерек беру жабдықтарын монтаждауға дайындық жасалып жатыр. Бұдан бөлек, «Астана – Щучинск» учаскесінде де дайындық жұмыстары қолға алынған. Мұнда байланыс инфрақұрылымы мен жабдықтарды орналастыруға арналған негіздер әзірленуде. Алдағы уақытта мұндай құрылғылар автомобиль жолдарын мониторингтеудің бірыңғай интеллектуалды жүйесінің бір бөлігіне айналады. Бұл жүйе қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтауға, жол қызметтерінің әрекет ету жылдамдығын арттыруға және республикалық автожолдардағы сапар қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Басқа жаңалықтар

Back to top button