Тереңсайдағы көпір қайта қалпына келтірілді
8 шілде күні сағат 06:00-ден бастап көпірдегі қозғалыс толықтай қалпына келтірілді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары тасжолының 64-шақырымында орналасқан Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 маусым күні ұзаққа созылған нөсер жауын-шашынның салдарынан көпірде ақаулар анықталды. Атап айтқанда, тіректердің біріне зақым келіп, аралық құрылыстың шеткі плитасының құлау қаупі туындады. Осыған байланысты жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұғыл түрде апаттық-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жұмыстарға «ҚАЖ Сервис» ЖШС ШҚОФ және «ОблШығысЖол» ЖШС мамандары мен арнайы техникасы жұмылдырылды.
– Жұмыстардың күрделілігіне және бетонның жобалық беріктігін алу технологиясын сақтау қажеттілігіне қарамастан, көпір қысқа мерзім ішінде қалпына келтірілді. Мамандар зақымданған тіректі қалпына келтіріп, бұрын бөлшектелген көпір элементтерін қайта орнатты. Сонымен қатар, алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында беткейлерден суды ұйымдасқан түрде бұруға арналған қосымша су бұру науалары орнатылды, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚОФ.



