Жаңалықтар

Ұлттық домбыра күні: ШҚО-да босанған жас аналарға домбыра тарту етті

Ұлттық домбыра күніне орай ШҚО- да жаңа босанған аналарды Алтай және Глубокое аудан басшылары құттықтады.

Ұлттық домбыра күніне орай Алтай қаласының перзентхана бөлімінде Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова мен медицина қызметкерлері құттықтады.

Мереке күні қарсаңында перзентханада үш қыз бала дүниеге келді. Аудан басшылары нәрестелерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ пен жарқын болашақ, ал олардың аналарына отбасылық амандық, бақ-береке және ана бақытын тіледі. Естелік ретінде жас аналарға гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді.

Жас аналарды құттықтаған Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова бала дүниеге келуі – әрбір отбасы үшін зор қуаныш әрі қоғам үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Қыздарыңыздың Ұлттық домбыра күні қарсаңында дүниеге келуі – ерекше символдық мәнге ие. Домбыра – ұлттың рухани қазынасы, мәдениеті мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан асыл мұра. Балаларыңыздың дені сау, бақытты болып өсіп, елінің мақтанышына айналуына тілектеспін, – деді Жанна Асқарова.

Жас аналардың бірі Александра Штыкель тұңғыш сәбиін дүниеге әкелді.
– Бүгінгі күн мен үшін өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі болды. Қызымның осындай жарқын мереке қарсаңында дүниеге келгеніне өте қуаныштымын. Дәрігерлерге кәсіби біліктілігі, қамқорлығы мен мейірімі үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді жас ана.

Бас дәрігердің орынбасары Бекжан Галиевтің айтуынша, жыл басынан бері перзентхана бөлімінде 184 сәби дүниеге келген. Ол медицина қызметкерлері әрбір ана мен нәрестеге өмірінің алғашқы сәтінен бастап сапалы медициналық көмек пен жан-жақты қамқорлық көрсету үшін аянбай еңбек етіп жатқанын атап өтті.

Дәл осындай акция Глубокое ауданында да өтті. Достық үйінің қызметкерлері дүниеге келген нәресте Аянаға қасиетті қазақтың ұлттық мұрасы – домбыраны сыйға тартты.

— Домбыра – халқымыздың рухани қазынасының, ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетінің айшықты белгісі. Бұл сый Аянаның жүрегінде туған елге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастырып, өмір жолына шуақ пен шабыт сыйласын, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button