Шетелдік қонақтар Берел қорғандарының тарихи-мәдени мұрасымен танысты
Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына әлемнің әр түкпірінен келетін мәртебелі қонақтардың қатары артып келеді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының мәліметінше, жуырда музей-қорыққа Нобель сыйлығының лауреаты, БҰҰ Бас хатшысының кеңесшісі, Оңтүстік Корея Үкіметі мен БҰҰ құрылымдарында жоғары лауазымды қызметтер атқарған Рае Конг Чунг және Оңтүстік Кореяның танымал философы, тангун дүниетанымының жетекшісі, «Самсонгунг» мәдени-рухани кешенінің негізін қалаушы Ханпул (Кан Мин Чжу) арнайы келіп, музей-қорықтың экспозицияларымен және Берел қорғандарының тарихи-мәдени мұрасымен танысты.
– Қонақтар сақ дәуірінің бірегей археологиялық ескерткіштері, «патшалар алқабының» тарихы және музей-қорықтың ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық қызметі туралы жан-жақты ақпарат алып, Берел өңірінің бай тарихи мұрасы мен көркем табиғатына жоғары бағаларын берді. Кездесу соңында олар музей ұжымына ризашылықтарын білдіріп, тарихи мұраны сақтау мен насихаттау ісіне табыс тіледі, – дейді музей-қорығының қызметкерлері.



