ШҚО әкімі өңір халқын жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтады
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір халқын Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Құрметті жерлестер! Қадірлі қауым!
Ел тарихындағы аса маңызды оқиға – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Ата Заң – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін ең басты құқықтық құжат.
Жаңа Конституцияның жобасы шамамен екі жыл бойы әзірленіп, кейін жан-жақты қоғамдық талқылаудан өтті. Білікті заңгерлер мен сарапшылардың қатысуымен мұқият зерделеніп, заман талабына сай жетілдірілді.
Қоғам сұранысы мен уақыт талабына сәйкес жүргізілген конституциялық реформалар еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, азаматтардың мемлекеттік істерді басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталды.
Басты мақсат – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін, жеріміздің тұтастығын сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігі мен қоғамдық әділеттілікті орнықтыру, сондай-ақ білім, ғылым, инновация, мәдениет және қоршаған ортаны қорғау салаларын дамытуға берік құқықтық негіз қалыптастыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей: «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты – елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты өзегі.
Осы ұстаным негізінде Әділетті Қазақстанды құру, қоғамдық бірлік пен келісімді нығайту, жауапты азаматтық қоғамды қалыптастыру, «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын орнықтыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.
Мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Халық Кеңесі құрылады.
Ата Заңымыздың мерейі әрдайым үстем болып, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, халқымыздың бірлігі мен берекесінің нығаюына қызмет ете берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін!», – деді аймақ басшысы.



