Өскеменде орталық алаңдағы субұрқақ уақытша істемейді
Өскеменде Республика алаңындағы субұрқақ техникалық себептерге байланысты уақытша жұмыс істемейді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Өскемен қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жабдықты тексеру барысында компьютерден сорғы жабдығына басқару сигналдарын жеткізетін екі сигналдық платаның істен шыққаны анықталды. Осыған байланысты субұрқақтың күндізгі және музыкалық режимдерде жұмыс істеуі уақытша мүмкін болмай отыр.
– Субұрқақты қалпына келтіру үшін істен шыққан бөлшектерді ауыстыру қажет. Аталған сигналдық платалар өндіруші тарапынан Қытайдан жеткізіледі. Қазіргі уақытта олардың құны, дайындалу және жеткізілу мерзімдері нақтыланып жатыр. Қажетті қосалқы бөлшектер жеткізілгеннен кейін жөндеу жұмыстары қысқа мерзімде жүргізіліп, субұрқақтың жұмысы толық қалпына келтіріледі, – делінген хабарламада.



