Өскемен – Риддер және Өскемен – Шемонаиха бағыттарындағы жолдарды жөндеу 1 қыркүйекке дейін аяқталады

Риддер қаласы және Шемонаиха ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов республикалық маңызы бар Өскемен – Риддер және Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы автомобиль жолында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Бүгінде Өскемен – Риддер тасжолында 14 шақырым, сонымен қатар Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы автомобиль жолында 27 шақырым жөндеу жұмыстарын аяқтау қалды.
– 22 мамырдан бастап Өскемен – Риддер тасжолында жол жөндеу жұмыстарын «Эталон» компаниясы жүргізіп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар кідірмесе, 1 қыркүйекке дейін Өскемен – Риддер бағытындағы жол толығымен жөнделеді, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы тасжолында 27 шақырым жөндеу жұмыстарын аяқтау қалғанын, мердігер «ОблШығысЖол» компаниясы барлық жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін толығымен аяқтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы бағытындағы жолдың жалпы ұзындығы 120 шақырым.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Алмас Қасеновтың айтуынша, жөндеу жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
– Қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстары барысында жолдың негізгі беріктігін арттыру мақсатында ресайклирлеу технологиясы қолданылып жатыр, сондай-ақ екі қабат асфальт төселеді, – деді Алмас Қасенов.



