Риддер қаласында теміржол вокзалы жаңартылды

Бүгін Риддер қаласында қайта жаңғыртылған теміржол вокзалының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«Риддер» станциясының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Риддер қаласына жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қайта жаңартылған теміржол вокзалының ашылу салтанатына қатысты.
– Теміржол саласы – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде еліміз бойынша теміржол желілері салынып, вагондар мен локамативтер кезең-кезеңімен жаңартылып, инфрақұрылым заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылуда. Бүгін Риддер қаласында жаңа теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейін ашылуы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың бір нәтижесі. Жоба жолаушылар және қала қонақтары үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік беріп, өңірдің көлік байланысын нығайтады. Сондай-ақ қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және транзиттік әлеуетінің өсуіне оң әсерін тигізеді, – деді облыс әкімі.
Бір қабатты ғимараттың жалпы ауданы 435 шаршы метрді құрайды. Мердігер – «Финтэк-Астана» ЖШС.
Риддер станциясының басшысы Ерасыл Бақытбековтың айтуынша, қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылы қазан айында басталды. Биыл барлық жұмыстар аяқталып, вокзал пайдалануға берілді. Риддер станциясында пойыз қозғалысына жауапты 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін вокзалға көп өзгерістер енгізілді.
– Теміржол саласында 35 жыл еңбек еттім. Қазір бірқатар станцияларда вокзалдар жаңадан салынып, кей жерлерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Теміржол саласы қазірде өркендеп, дамып келеді. Жаңа технологиялар іске қосылып жатыр, – дейді Теміржол көлігі жұмысшылары Ардагерлері кеңесінің төрағасы Құсайын Қожахметов.



