Жаңалықтар

Приморск ауылында 120 орынды «Пантомен емдеу» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр

Туризм саласы – Үлкен Нарын ауданы үшін басым бағыттардың бірі. Сондықтан, жергілікті билік бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Қазір ауданда туристерді жайлы орналастыруға арналған бірнеше нысан жұмыс істейді. Сонымен қатар, жол бойындағы орындар да қарқынды дамып келеді.

– Қазір ауданда туристерді орналастыруға арналған бірнеше демалыс орны мен үш қонақүй жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Абзал» пантомен емдеу орталығы мен «Сұңқар» сауықтыру лагері бар. Аудан әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» АҚ бірлескен жобасы аясында заманауи жол бойы сервисі нысаны ашылды. Ал Приморск ауылында 120 орынға арналған демалыс орнында «Пантомен емдеу» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Туризм саласын одан әрі дамыту және ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында биыл Приморск ауылындағы жағажай аумағын абаттандыру, ауданның кіреберіс топтарын салу, сондай-ақ туристік ақпараттық орталықтың аумағын көркейту жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл Үлкен Нарын ауылындағы бес көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

– Катонқарағай ауданында әуежай салынып жатыр. Географиялық орналасуын ескерсек, бұл жоба біздің ауданымызда да туризмнің қарқынды дамуына үлкен серпін береді, – деп атап өтті Үлкен Нарын ауданының әкімдігі.

Халыққа жайлы әрі қауіпсіз жағдай істеуде денсаулық сақтау саласының маңызы зор. Бұл бағытта аудан билігі жүйелі жұмыстар атқаруда.

– Аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу саласына инновациялық технологиялар белсенді енгізілуде. «Салауатты ұлт» жобасы аясында компьютерлік томограф пен оған қажетті жабдықтар, сондай-ақ Холтер мониторингі аппараты сатып алынды. Сонымен қатар, рентген-маммографиялық кешен және цифрлық маммограф алынды, – дейді аудан әкімдігі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button