ШҚО-да жыл басынан бері 10 орман өрті тіркелді
Өрт 21 гектардан астам аумақты шарпыған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады.
– Жыл басынан бері мемлекеттік орман қорында жалпы аумағы 21 гектардан асатын 10 орман өрті тіркелді. Орман өрттерін сөндіруге 190-нан астам адам мен 37 бірлік техника жұмылдырылды, – дейді басқарма өкілдері.
Мамандардың айтуынша, өрттердің негізгі себебі – найзағайдың түсуі, құрғақшылық пен аптап ыстық сияқты қолайсыз ауа райы жағдайлары. Сонымен қатар, өрттер тұрғындар мен ұйымдардың кінәсінен де орын алады. Кей жағдайларда от ауыл шаруашылығы алқаптары мен елді мекендер аумағынан орманға таралады.
Өрттердің алдын алу мақсатында өңірде 288 адамнан құралған 48 мобильді топ жасақталған. Олар осы уақытқа дейін 513 рейд өткізген.
Түсіндіру жұмыстары аясында 100-ден астам дөңгелек үстел мен 120-дан астам тұрғындар жиыны ұйымдастырылып, оларға мыңнан астам адам қатысқан.
Басқарма мәліметінше, орман қорын әуеден бақылау үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тарапынан 794 ұшу сағаты қарастырылған. Сондай-ақ, облыс әкімдігіне қарасты «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағы» КММ-нің 20 қызметкерінен тұратын қосымша мемлекеттік өртке қарсы қызмет жұмыс істейді. Бұл қызмет «Қазавиаорманқорғау» десантшыларымен бірлесіп, қолжетімділігі қиын аудандарға жедел жету үшін мобильді топ құрады.
– Мемлекеттік орман қорындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орман өрттерін сөндіру жұмыстарын басқару заңнамаға сәйкес орман мекемелері мен мемлекеттік орман күзетіне жүктелген, – деп толықтырды ШҚО ТЖД өкілдері.
Сонымен қатар,құтқарушылардың күштері мен құралдары орман өрттерін сөндіруге қосымша көмек ретінде тартылады. Әсіресе, елді мекендерге, экономика нысандарына қауіп төнгенде немесе ірі төтенше жағдайлар кезінде олардың көмегінің маңызы зор.



