Өскеменде «Oskemen Life» жазғы фестивалі өтті

Облыс орталығында ерекше атмосфераға толы «Oskemen Life» жазғы фестивалі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Фестиваль Чехов және Максим Горький көшелері, Арбат пен Қасым Қайсенов саябағындағы арнайы аймақтарда ұйымдастырылды.
Чехов пен С.Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында Oskemen Life аркасы орнатылып, Чехов көшесінің бойы жарық шамдармен безендірілді.
Максим Горький көшесінде ұйымдастырылған креаторлар мен қолөнершілер аймағында қала тұрғындары қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Көрмеде зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, әдемі әшекейлер, кітаптар ұсынылды.
Фестиваль барысында кішкентай бүлдіршіндер ата-аналарымен бірге асфальтқа түрлі-түсті борлармен сурет салды. Сонымен қатар балалар өзара арнайы белгіленген қашықтықта самокат теуіп жарысты.
– Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса екен. Қаламыздың әдемі көшесінде осындай фестиваль өткізіліп жатқаны керемет. Ерекше көңіл-күй сыйлады, – деп фестивальге келген қала тұрғыны өз әсерімен бөлісті.
Ал Арбаттағы Tik Tok аймағында балалар аниматорлармен бірге контент түсірді. Қаланың талантты жастары жанды дауысты ән шырқап, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ өңір тұрғындары фотозонада естелікке фотоға түсті. Караоке аймағында шаһар жұрты өздерінің сүйікті әуендерін шырқады.
Қасым Қайсенов саябағында қала тұрғындары мен қонақтары йогамен айналысып, өңір суретшілерінің картиналарын тамашалап, кейбіреулері өздерінің портреттерін салдырды.
Кеш соңында басты сахнада өткен диджейлердің батлы, концерт көпшілікке ерекше әсер сыйлады.



