«Бір қабатты Шығыс»: Күршім ауданында биыл 30 тұрғын үй салынады

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету Күршім аудандық әкімдігінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, биыл тұрғын үй кезегінде 379 адам тұр. Оның ішінде, 200-ден астамы әлеуметтік осал топтарға жатады.
– «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл 30 тұрғын үй салу жоспарланған. Қазір Алғабас, Күршім, Қыстау-Күршім және Жолнұсқау ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Мердігерлер үйлерді салып қана қоймай, барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуы тиіс, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Биыл екі мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуге қаржы бөлінді. Сонымен қатар биология және химия кабинеттері сатып алынды. Офтейк-келісімшарт аясында Бірлік ауылында 50 орындық мектеп құрылысы аяқталуға жақын.
– Бұдан бөлек, Қыстау-Күршім ауылында 50 орындық мектеп құрылысы басталды. Сенімгерлік басқару аясында Балаларды қорғау күні қарсаңында Күршім ауылында 140 орындық «Дара бала» балабақшасы пайдалануға берілді, – деп толықтырды аудан әкімдігінде.



