ШҚО-да мореналық көлдерге аэровизуалды тексеру жүргізілді
Шығыс Қазақстан облысында «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары мен ШҚО ТЖД қызметкерлері мұздықтардың еруі нәтижесінде пайда болған мореналық көлдерге мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.
Жағдайды бағалау үшін Громотуха және Белая Уба өзендерінің бассейндеріндегі, Риддер қаласындағы Иванов жотасының баурайында орналасқан 30 мореналық көлге аэровизуалды тексеру жүргізілді.
– Биіктіктен мамандар көлдердің жай-күйін, оларды толтыру деңгейін және сел, су тасқыны және көшкін процестерінің қалыптасуына әкелетін факторлардың болуын бағалады. Зерттеу нәтижелері бойынша тауларда қар жамылғысы іс жүзінде жоқ екендігі анықталды, – делінген ШҚО ТЖД хабарламасында.
Сондай-ақ мониторинг барысында Кіші Үлбі су қоймасына көзбен шолып тексеру жүргізілді.
– Риддер қаласы ауданындағы сел, су тасқыны және көшкін жағдайы тұрақты. Жаңа эрозиялық және көшкін процестері тіркелмеген. Зерттелетін көлдер елді мекендерге, шаруашылық объектілеріне және инфрақұрылымға қауіп төндірмейді, – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегенов.



