ШҚО-да судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар басқармасының өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағындағы су айдындарында профилактикалық рейдтер өткізді.
Жазғы маусымда су айдындары тұрғындар жаппай демалатын орынға айналатындықтан, халық арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр.
– Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар қайықтармен су айдындарының жағалаулары мен акваториясын шолып, демалушылармен алдын алу әңгімелерін жүргізді. Олар азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтау қажеттігін еске салды, – деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Рейд барысында тұрғындарға су маңында қауіпсіз жүріп-тұру бойынша ұсыныстар жазылған ақпараттық жадынамалар таратылды.
– Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау, құтқару кеудешелерін пайдалану және рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға тыйым салынатыны туралы мәселелерге баса назар аударылды, – делінген хабарламада.



