Жаңалықтар

Елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. 

Еліміздің су айдындарындағы тәуекелдердің алдын алу және профилактика мәселелері Төтенше жағдайлар министрлігінің ерекше бақылауында. Мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың жаппай демалу орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарында жаппай демалуға арналған 733 рұқсат етілген орын айқындалды. Оның ішінде 257 коммуналдық және 433 жекеменшік жағажай, спорт пен туризмге арналған 19 орын, сондай-ақ өзге мақсаттағы 24 орын бар.

Бүгінде елімізде 50 мыңнан астам су айдыны бар. Азаматтардың судағы қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету үшін тәулік бойы Министрліктің 50 құтқару станциясы мен су айдындарының қауіпті учаскелерінде қосымша орналастырылған 200 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істейтін болады. Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы 276 адам, оның ішінде 85 бала құтқарылды.

Қолайлы туристік ахуал қалыптастыру мақсатында өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, су айдындарындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту шаралары жүзеге асырылуда.

Министрлік өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, демалушылар ең көп келетін орындарда құтқару станцияларын салу және оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.

– Соңғы екі жылда Алакөл, Бурабай, Үлкен Шабақты, Шалқар, Имантау, Пестрое және Көлсай көлдерінде 9 құтқару станциясы салынды. Бұдан бөлек, Ұлытау облысының Жезқазған қаласында, Алматы облысының Қонаев қаласында, Абай облысының Семей қаласында, Щучье көлінің жағалауында және Ақмола облысының Қосшы қаласында қосымша 5 жедел-құтқару жасағын құру жоспарлануда. Құтқарушылардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы кезең-кезеңімен жақсартылуда. Заманауи жылдам жүретін катерлер мен арнайы техника сатып алынуда, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

Жыл сайын әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзуге және алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде республика бойынша шамамен 26 мың бала оқытылды. Сонымен қатар, шомылу маусымында балалардың қаза болуының негізгі себебі олардың үлкендердің қарауынсыз қалуы.

– Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Қазіргі уақытта су айдындарында жылжымалы бекеттер қойылып, жаппай демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылған, ақпараттық стендтер мен ескерту белгілері орнатылған, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Балалардың үлкендерсіз қауіпті аймақтарда болу жағдайларын анықтау шаралары қабылдануда, – делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жақын арада Министрлікке шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалау функциялары беріледі. Тексеру іс-шаралары ағымдағы жылдың 1 шілдесінен басталады. Еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларына тексеру жүргізілетін болады. Өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданады.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағалау аймақтарында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Аталған жүйелер Алакөл көлінде, Қапшағай су қоймасында және Алматы қаласының су айдындарында орнатылған.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button