Жаңалықтар

Қасым Қайсенов кентінде жаңа саябақ ашылады

Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаевпен бірге Қасым Қайсенов кентіндегі болашақ саябақтың аумағында жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

– Жоба тұжырымдамасын талқылап, басталған жұмыстардың барысымен таныстық және аумақты одан әрі абаттандыру бағытындағы келесі қадамдарды айқындадық. Жаңа саябақ Өскемен құс фабрикасының 50 жылдығына орай тұрғындарға тарту етіледі. Мұнда серуендеу аллеялары, спорт алаңдары, демалыс аймақтары және отбасылық бос уақытты өткізуге арналған өзге де кеңістіктер пайда болады. Табиғи ландшафтты сақтауға ерекше мән берілуде, – деп жазды Арман Бекбосынов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Аудан әкімі барлық ағаштар мен жасыл желектер сақталып, жобалық шешімдер аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылатынын атап өтті.

– Бүгінде кент тұрғындары жаңа қоғамдық кеңістіктің ашылуын үлкен қызығушылықпен күтуде. Саябақтың тұрғындар үшін маңызы зор екені және оның сұранысқа ие болатыны қазірдің өзінде анық байқалады. Саябақтың ресми атауы әзірге бекітілмеген. Дегенмен оның Қасым Қайсенов кенті тұрғындары мен аудан халқы үшін маңызды демалыс және тартымды қоғамдық орынға айналатыны сөзсіз, – деді Арман Бекбосынов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button