ШҚО-да түзеу мекемесіне 15 ұялы телефон кіргізбек болған жігіт ұсталды

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті мен №17 мекемесінің жедел бөлім қызметкерлері түзеу мекемесінің қоршауына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған жас жігітті қолға түсірді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, жеке тінту барысында бірнеше мұқият оралған түйіншектері бар пакет табылды. Тексеру кезінде олардың ішінен Samsung, Redmi, Huawei, Oppo және iPhone маркалы 15 ұялы телефон шықты.
Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген заттардың барлығы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың біріне арналуы мүмкін.
Барлық телефондар тәркіленді. Қазір құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажетті материалдар жиналуда.
– Жедел бөлім қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің дер кезінде жолы кесілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда, – дейді ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.



