ШҚО әкімі экология саласының мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады

Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ең ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Мұнда металлургия, энергетика және экономиканың басқа да маңызды салалары шоғырланған. Олар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Сондықтан экология мәселелері әрдайым ерекше назарды, жоғары кәсібилікті және жауапты көзқарасты талап етеді.
— Сіздердің еңбектеріңіз – жай ғана кәсіби қызмет емес. Сіздер азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүруге, таза ауамен тыныстауға, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуге және қауіпсіз өмір сүру жағдайларына деген конституциялық құқықтарын қорғаудың алдыңғы шебінде жүрсіздер. Дәл сіздер экологиялық бақылауды қамтамасыз етіп, экономикалық даму мен табиғатты сақтаудың арасындағы тепе-теңдікті табуға ықпал етесіздер, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықтың Алтайдың асқақ таулары, ну ормандары, өзен-көлдері секілді бірегей табиғи байлықтарымен мақтанатынын, осы баға жетпес мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу – бәрімізге ортақ міндет екенін де жеткізді.
— Бүгінде сіздерге «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүзеге асыру миссиясы жүктелген. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында экология мәселелері тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның басым бағытына айналып келеді. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, еңбектеріңізге табыс және үлкен жетістіктер тілеймін. Табиғатты қорғау жолындағы игі істеріңіз әрдайым нәтижелі болсын!



