ШҚО-да 8 мың бала адам папилломасы вирусына қарсы екпе алды

Бұған дейін өңірде адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы иммундау науқаны аясында 11-13 жастағы қыздарға 8 мың вакцина егілген болатын.
Енді АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті түрде жүргізіледі.
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазинаның айтуынша, бүгінде 11-13 жастағы қыздардың 4784-і вакцинацияның толық курсынан өтті. Сондай-ақ тұрғындардан АПВ-ға қарсы вакцина алатындар санатын кеңейту туралы өтініштер жиі түсуде.
Осыған байланысты профилактикалық шараларды күшейту мақсатында Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы қабылданды. Енді АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті түрде жүргізіледі. Вакцинация қыздың өзінің немесе ата-анасының, заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі, – деді Сәуле Слямғазина.
Вакцинация төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен арнайы схема бойынша жүргізіледі. Бірінші доза кез келген күні салынады, екінші доза – екі айдан кейін, үшінші доза – алғашқы егуден кейін алты ай өткен соң енгізіледі. Мамандар барлық үш дозаны бір жыл ішінде алып үлгеруге кеңес береді.
Вакцина неғұрлым ерте салынса, соғұрлым тиімді болады, өйткені ағзада күшті иммундық жауап қалыптасады. АПВ-ға қарсы вакциналар қауіпсіз және жақсы қабылданады. Қолданылған уақыт ішінде денсаулыққа елеулі асқынулар тіркелген жоқ, – деді Сәуле Слямғазина.
Департамент өкілдерінің мәліметінше, жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Қазіргі таңда бұл вакцина әлемнің 135-тен астам елінің иммундау күнтізбесіне енгізілген. Ал Қазақстанда 2013-2015 жылдары 17 мыңнан астам қыз балаға екпе салынған.



